Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  82


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Күйкіліктің күлін шашып күнделік...

Күйкіліктің күлін шашып күнделік,
Шегірткедей шырылдаған үнге еріп,
Өзегімнен өткенімді өткеріп,
Отырамын Күн мен Түнге сүрленіп.
Сана-сезім сар даланы сағынып,
Түйсігімде таудың гүлін тағынып,
ақ бұлттардың арасында аунайды
арманыма астар болған ақ үміт.
Отырамын осыларға малданып,
Алла аты орнағандай арда нық.
Көңіл шіркін көк дөненін көлбетіп,
Қиялдың жүр қанатына жалғанып.
Ойламайтын өмірді де,
өлімді,
балалық шақ бақытымдай көрінді.
Тіршіліктің тыпырынан тазарып,
Софылыққа ұсынамын төрімді...
Бақ та,
атақ та керегі жоқ сыяқты,
Мәпелеймін ождан менен ұятты...
Тағдырменен тайталасып таңдарда
тоздырып ем толағайдай тұяқты.
Жоқ сыяқты бергенім де,
алғаным,
Бос сыяқты ботадайын арманым?!
Сықпа-сезім сірнеленген сөреде
кеуіп қалған,
тістегендей бармағын...
Ризалық танытпайды көкейім ,
(Дүниенің асты-үсті от ойын.)
Қалған ғұмыр-күндерімді қолтықтап,
Өмірімнің өткелінен өтейін.
Парыз да жоқ,
қарыз да жоқ бұл күнде,
қызықпаймын құйылады нұр кімге?!
Кешегім де,
бүгінгім де,
ертеңім
бір-бірінен айырмасыз тұр мүлде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу