Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  96


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Туған жер деген немене...

Туған жер деген немене,
Ауылдың тау мен тасы ма?!
Қызғалдақ жапқан төбе ме,
Қызығым қалған шашыла?!
Туған жер деген немене,
Тобылғы, қарағаны ма?!
Кептірген құрт па өреде,
Сірне боп сәуле «шаңына»?!
Туған жер деген, немене,
Өзен бе қамыс, қоғалы?!
Бетеге, жусан, көде ме,
Тобықтан аспас жоғары?!
Туған жер деген, бауырым,
Мені мен Сенің бөлшегің.
Анаңдай асыл-ауылдың,
Емізген өмір емшегін.
Көрінбес қылдай нәзік бір
Құдірет кіндік байлаған.
Айналып табар қазық бұл,
Бесігін түзеп сайлаған.
Туған жер деген, қарағым,
Сарғайған сары сағыныш.
Ауасын жұтып даланың,
Қайнардың суын қанып іш.
Сезімнің мөлдір тамшысы
Тамады тырс-тырс өңірге.
Асықтың түсіп алшысы,
Туасың қайта өмірге.
Туасың жаның жаңғырып,
Оранып махаббатына…
Жүрекке жалын жандырып,
Мінгізер сенім атына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу