Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  113


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қара деген…

Қара деген…
Шынында осы «қара» ма?!
«Ақ жағы» бар қазақылық санада.
Қара қазақ,
Қара жер мен қара өлең
Қасиеті қастерленген далада.
Қара деген – «әппағындай» қастерлі,
Қара белбеу буындырған аш белді.
Қара қазан қайнауында былбырап,
Ақсақалдың алдына сый-бас келді.
Қаратаудың қадір тұтып киесін,
Қара нарға қара шаңырақ тиесін,
Қара жолдың қара шаңын көтеріп,
Қара қостың іздемеген иесін.
«Қара құлақ», «қара табан» баласы –
қара көздің ағы менен қарасы.
«Қара» десе, қарапайым қазақтың
Ханнан бетер биіктейді бағасы.
Қара жияу емес, тегі, қазағың,
Қара сөзбен жеңілдеткен азабын!…
Шешендер де қара қылды қақ жарып,
Қара тілмен қыздырған ғой базарын.
«Қара» деген – қарапайым дегені,
Қараның көп қастерлеген көгені.
Күмбірлеген қара қобыз, домбыра
Күлтеленген көңіл күйін төгеді.
Қайран қазақ,
Қараны да ақ қылып,
Арманымен жүрді таңын аттырып…
Қарапайым қара халық жанында
Жауқазындай жарып шыққан жатты үміт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу