Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  61


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Көшпелі дүние...

Көшпелі дүние,
көл көңіл,
көсіліп кетіп барасың.
Жүрмейсің жөндеп жөнге бір,
Шабыттың шырмап шамасын.
“Сезімге сіңген сөнбе, нұр,
жалғай бер ғұмыр арасын!”
деп тілек тілер пенде бұл,
Көрсетпей кетер қарасын.
Шабыттың шырқы шадыман
шаттығын шалқар сыйлады.
Жарылып жүрек ағынан
рахат нұрын құйғалы
тұрғанда,
таймай тағынан
бақыттың бәрі бұйдалы...
Өткен шақ,
Сені сағынам,
даламның дархан дидары.
Шағым жоқ,
қалды елесің,
жадымда мәңгі сақталып,
Елес боп ғана ересің,
Сандықтан сырды ақтарып.
Күміспен күптеп көбесін,
алтынмен арман апталып,
Өткенім, беттен өбесің,
Самал боп желпіп шаттанып.
Бетеге, жусан, бедесін
төсеніш етем– ақ мамық.
Шау тартып қалған шаманың
шаршаған шағы шалдығып,
зымырап өтті заманым,
артына шаңын қалдырып.
Жатырқап тұрмын,
Жаңаның
телпегі тері таң қылып.
Төсінде туған даланың
кезеді үнім жаңғырып...
Елестің ашып есігін,
еңкеймей төрге озамын.
Жұмаққа енсем несі мін,
пәнидің тастап тозағын?!
Естіртпей елге есімін
өзегін жармас өз әнім.
Өткен шақпенен өшіп үн,
айналар күлге қозамын!
Қалдырар артқа тозаңын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу