Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  118


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Еңіреп өтіп келем “Елім” деумен...

Еңіреп өтіп келем “Елім” деумен,
Жыртығын жүрегімді желімдеумен.
Түтінге тұншығады тыныштығы,
Өзегін өрт жайлаған өңір-кеудем.
“Түлетсем ділін, тілін” деген едім,
Құлдықтан құтылғанша көген-елім?!
Табаны тасқа тиіп талабымның,
Жолымды кес-кестейді неге менің?!
Арманды аңсағаным бекер ме еді?!
Күрестім Елдің рухын көтергелі...
Жүзінде ұстараның жүрсем-дағы,
Көңілдің күмбезіне от өрледі.
Жалыны шарпу үшін шартарапты,
Ақындық ауыр жүгін арқалатты.
Уайымның уысында умаждалмай,
Сезімге серік еттім марқабатты.
Сүйдім де ғашықтардай ұлы Елімді,
Тәңірге табыстадым тілегімді...
“Бақыттың бақшасына барам ба?”- деп,
Жаныма жолдас еттім Ленинді.
Байлықтың тартқыладық құлағынан,
Жоқтықты тайдыруға тұрағынан.
Бай да жоқ,
кедей де жоқ, тепе-теңдік,
“Жетер жер – Коммунизм!”- бір-ақ ұран.
Айырмай ақ-қараның ара жігін,
Дүниенің арқаладық дара жүгін.
“Алды жөн, арты соқпақ” кезде
Ардың аттадым...
аттамадым “ала жібін”?!.
Сөз басқа,
болып шықты ісім басқа,
Тірлікті тойғызбадым тұщымды асқа.
Айрылды киесінен “Қызыл билет”,
амал жоқ ел алдында қысылмасқа?!.
Өмірі кімді іздедім,
нені іздедім?..
Еңбекті енесіне емізгемін!..
Кемесі тау толқынмен жағаласқан,
әлі де көк дауылды теңіздемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу