Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  107


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Бір тілім бар...

Бір тілім бар,
түрікше тұмарланған.
Бір тілім бар,
қымыздай құмар қанған.
Бір тілім бар,
шетелдік шинеліндей,
Сөйлей алмас
ауызда шұбарланған.
Бір тілім бар,
Тегімді таныта алған,
Өлеңіме өрісті шабыт алғам.
Бір тілім бар,
бидайдай бытырлаған,
Қасаңдықтан
адамның жағы талған.
Бір тілім бар,
Айбыны тас жаратын,
Ата-тегі
түркіден басталатын.
Бір тілім бар,
шіріген ауыздардан
іріп шығып,
Жау болып бас салатын.
Келімсектің алдында жасқанатын…
Бір тілім бар,
жырласа нағыз ақын,
Таңдайынан
бал-шырын тамызатын.
Бір тілім бар,
Содырдың шоқпарындай,
Басың жарып,
көзіңді ағызатын.
Бір тілім бар,
үлгілі есті үнімен
түріктігі
танылар кескінінен.
Бір тілім бар,
Базардың былдырындай,
Жанаспайтын
жуықтап еш бірімен.
Естілерді
қинайды аза-қайғы,
Қоқыстан кім
тіл тегін тазалайды?
Шұбар ала
жыландай шұбатылған
тіл тағдыры
тыншымды ап мазалайды.
Біз заманға кінәні арта салдық,
Осы жағы көңілді назалайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу