Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  86


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Бәріне сендік...

Бәріне сендік,
Бәріне көндік.
Тамұққа түсіп,
Жұмақты көрдік.
Тұяқты серпіп,
Тірідей өлдік.
Байлауда жүрдік,
Балақты түрдік.
Жасырын жылап,
Өтірік күлдік.
Айтаққа еріп ,
Абалап үрдік.
Көзден жас төгіп,
Еркінбіз дедік.
Сыңарлап мінді,
Қосақтап жегіп.
Таяқтан талып,
Қамшыны жедік.
Ойлайтын ой жоқ,
Тойлайтын той көп.
Жамырап жүрдік,
жайылған қой боп.
Қысқарды ақыл,
Тіреді бой көк.
Айтылмай арыз,
Өтелмей парыз,
Белшеден баттық
ұрпаққа қарыз.
Шайылды суға
құмдағы бар із.
Іздемей текті,
Жібердік кекті.
Жүрекке мәңгүрт
ұрығын септі.
Тентіреп тірлік,
тобыр боп кетті.
Әкенің басын,
Шешенің шашын
сыйлаудан қалдық
жасаған жасын.
Танымас сана
досы мен қасын.
Күштіде білек,
Батырда жүрек
болмады, тобыр
кеткен соң жүдеп.
Адыра қалды
тілеген тілек.
Қара боп ақтан,
Күйесін жаққан
күндерім көлгір
көпіріп аққан.
Тантыған тірлік
төбеттей қапқан.
Қызсың, не ұлсың,
Еріктен тұлсың.
Шырмады шандып,
Шырмауық тылсым.
Бұйдалап алған
заманға құлсың.
Көңілдің зары
өмірдің заңы.
Тістесіп жүріп,
Тегіңді таны.
Біткенше ағып
жүректің қаны!
Әйтпесе өтер
өмірің бекер.
Сайқалсып күлген
жалғаның мекер.
Болса да мыйсыз,
Басыңды көтер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу