Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  92


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жүрелеп жатқан жұртымды

Жүрелеп жатқан жұртымды
тұрғызам деумен, ұрандап
кеңірдек быт-шыт жыртылды,
Теректей тұтқан Құранды ап,
күдіктен қудым бұлтымды.
Үмітім алға ұмтылды.
Жылаған жаным уанды,
Қарасы батып қараң күн.
Жанардың жасы суалды,
суындай кепкен Аралдың.
Қайырлы көңіл қуанды,
тұрса да күні тұманды...
Уланып жүріп ұрандап,
Тірліктің түбін төңкердім.
Артымда ұлып Ұлан қап,
Соңынан ердім ертеңнің.
Кеудемде күйген өлкемнің
орнына өскен өртеңмін.
Өртенген өңір, шартарап
түтінге тіні тұншыққан,
Көкбөрі көзі қанталап,
Қан кетті қара тұмсықтан.
Қияңқы күндер қырсыққан
орынын тапты ұршықтан.
Құран ба,
әлде ұран ба,
Кеудемде бір үн ақырып
шыға келді шығанға,
тыныштық бермей жат үміт,
қыл жылбыр салды шыдамға...
Құрығын салған құланға,
тұяғы тиген Тұранға
Аруғым тұрды шақырып...
Бәріне куә бір Алла!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу