Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  126


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ауызға алып Алланы...

Ауызға алып Алланы,
Сәресі сайын сыйынам.
Мұсылмандықтың салмағы
уыздай іште ұйыған.
Қорқу жоқ менде,
үрку жоқ,
Кеудеме байлық, сыйған құт.
Жаналғыш алса бір күн кеп,
Жолдасым иба, имандық.
Жаратқан ием, жасаған,
Жіберіп пейіш-бақтарға,
Сығалап тұрдың тасадан,
Күнәға пендең батқанда.
Сайтанды маған сыңар ғып,
Хауаны салдың есіне.
Бойында балқып құмарлық,
Ойнады жыны есіре.
Әбілге Қабыл қиянат
қылғанда қолын қақпадың.
Зұлымдық қанға ұялап,
Жауыздық жайды қақпанын.
Ібіліс қанда қайнады,
Кеудемде менің мекендеп.
Бармағын Адам шайнады,
“Келгенім жерге бекер!”-деп.
Қайтайын!- деді,- қайта алмай,
батпаққа батты белшеден.
Өмірі өтті байқалмай,
Безбенге салмай өлшенген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу