Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  70


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Шарласам Қалба өңірін...

Шарласам Қалба өңірін,
Атадан қалған бар аңыз.
Түркілік тектің төрі күн,
Алыстаса да арамыз.
Тарихын талда «Көрұлын»,
Жүрегі бір жан– дала, біз.
Жанарда жасын жарқылдап,
Ошақта ойнар от шашып.
Сара ала күздей салқындап,
Бара ма күндер қоштасып?!.
Арманның алды алтын бақ,
Жүрек пен тілек– қос ғашық.
Жарайды, демеу жұтармын,
Өзімді алдап өзіммен...
Тегімді қадір тұтар кім,
Сеңгірдей сергек сезіммен?!
Ұтылып тұрып ұтармын,
Түркілік темір төзіммен.
Өмірім– елес тарих,
Тылсымның сыры тарқай ма?
Түркінің тегін таниық,
Ат басын бұршы Алтайға.
Ақ басты шыңнан Ақиық
Кездесер, қажып қартайған...
Сілкілеп басын қарлы шың,
Күлтегін болып сөйлесін.
Түркінің ұлы, бармысың,
Бабаның берер бейнесін.
«Байырқу бабам, армысың!»,
Дейді ұлы жиып кейде есін.
Тағдырым– тұтас тағылық,
Табаны тозған тағалы...
Жаттыққа жалаң жағынып,
Түсіріп алдым бағаны.
Сағымның сазын сағынып,
Күпсиді көңіл алаңы.
Тәубеме келтір, Тәңірім,
Намыстың отын жақ тағы...
Алғашқы жүрген әмірің
Қазақы қанды сақтады.
Әлекейдейін әр ұлың
Бақытқа батыл аттады




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу