Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  101


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Естісін деп үнімді...

Миым айналып,
тілім байланып,
Мылқаудың халін кешемін,
Қайратым қайралып,
Сайысқа сайланып,
Көкірек көзін тесемін.
Жадымда жаңғырып кешегі үн, Сұрайды лауға есегін...
Митың-митың аяңы
іш пысар жүріс баяғы,
Жолының жонын шаң басқан.
Тықылдап соқыр таяғы,
мұзына мұңның таяды,
Мүсәпір- тірлік танбастан...
Қуаныш пен қайғы алмасқан
осы ма өмір жалғасқан?!
Өмірдің онда сәні жоқ,
көңілдің көктем әні жоқ,
Қайтқан қаздай қаңқылдаймын,
Мені пенде деп түсінсең,
тұғырымнан түсірсең,
дауылдағы дауылпаздай шаңқылдаймын,
теңізден тартынбаймын,
тереңінде тыныстап салқындаймын.
Сонан соң
таласатын ит таба алмай ,
сығатұғын бит таба алмай
аласұрам,
арпалысып өзіммен,
пәтуасыз сөзімнен
селкеуі көп сезімнен шошынамын...
Адамдардың арасынан
қара таппай тосыламын,
Құтыла алмай жаласынан...
Баяғы,
кешегі,
бүгінгі,
санаумен саусақтар бүгілді.
Санына жете алмай сансырап,
Қалжырап, қансырап,
Күдерім үзілді, үмітім үгілді...
Айғайдан дауысым қарлықты,
айдаудан демім барлықты,
Көкбөрідей қырдағы
қампайтамын жүнімді,
үзіліссіз ұлыймын,
Түркінің даласы,
қазақтың баласы естісін деп үнімді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу