Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  91


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қадыр түні

Арай болып
көңілден тарайды өлең,
Тәңіріме тәубе деп алам тыныс.
Ойда отырып
қыратқа қарай берем,
“Жатыр ма, - деп, - бір аунап бабам тыныш?!”
“Қадыр түні” көзімнен шырым алмай,
Сау болуын Елімнің тілегенмін.
Ақтармаған жүректің сыры қалмай,
Көкке аунаған құраттай түлегенмін.
Жоқты іздемен,
барымды қанағат қып,
Артық-ауыс Құдайдан сұрамаймын.
Алласынан ұрпаққа аманат құт
болсын деймін,
Жоқ басқа, сірә, қайғым.
Қорқыныштар қасқырдай қамалайды,
Бордай тозып болашақ босағасы...
Көрмесін деп Ел-жұртым қара қайғы,
Ашылмауын тілеймін дос арасы!..
Бабам жатқан бейіттер қорымдағы
күрсінбесін,
Қадырдан тілейтінім!
Жүректегі жараның орындары
шымырлайды,
тепсінсе дүлей түнім.
Түнім тыныш,
Ай аман,
Жұлдыздарым
жымыңдаса аспанның құрсағында,
Құшағында бақыттың ұл-қыздарым
бөленсін,- деп тіледім,- нұр-сағымға!
Үмітімді үрейге қуалатып,
Көкбөріні көк белде ұлытпайын!..
Өмірімді өлеңмен дуалатып,
“Қадыр түні” ұрпақты ұлықтайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу