👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  28


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Тегімді іздеп теңіздей тебіренем....

Тегімді іздеп теңіздей тебіренем,
Ескегіндей Ебінің еміренем...
Қарт Алтайдың қойнауын қуаласам,
Күмбірлеген күйіне көңіл елең.
Тау-тасында тегімнің ізі бар ма?..
Ой қашады тізгінін үзіп алға.
Шартарапқа шашылған Түркілердің
осы жерден бұйыртқан тұзын Алла!
Бал бұлағы секірген тастан тасқа,
Мөлдіреген көзінен жас тамбас па?!
Аясынан Алтайдың шығып кетсем,
дүние бөтен,
жер де жат,
аспан басқа...
Айналдырсам уақытты кері қарай,
Жылытады жүректің төрін арай.
Қақпалайды қиялдың қапталынан,
Өр-ылдида болсын деп Серік абай.
Тауқыметін тартты ма Тәңірінің,
Қараңғылық қамалап әр іңірін?!
Тектілігін тегімнің тұсағандай
айтылмай тұр Алтайдың әні бүгін.
Еніп барам қойнына ғасырлардың,
Аманатын аңдауға асылдардың.
Өнеді де өседі,
өшеді өмір,
“Жауып тұрып, қар алар басын қардың”.
Ортасында орманның отырамын,
Табаныма төсеніп топырағын.
Кеудесіндей күмбірлеп Қалиханның
Сыр айтады шыңдарың, шоқыларың.
Сезіміме судайын сіңіремін,
Үңгіріне үміттің үңілемін.
Көк байрағын көтеріп Көк Түріктің,
бақытына бет бұрды бүгін Елім!..
Алты Алаштың оранып арманына,
Тәңірімнің алдына жүгінемін!..
Тегімді іздеп тентіреп,
тапқандаймын,
Ерігендей мұз болып қатқан қайғым.
Аялайды арайдың аясында,
Көтерілген Алтайдан ақ маңдай Күн!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы