Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  81


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Сай ішінде сылаң қағып Жыланды...

Сай ішінде сылаң қағып Жыланды,
Бойжеткеннің бұрымындай бұралды.
Қарақаты қапталында мөлдіреп,
Тошаласы төгіледі тұмарлы.
Балалығым бауырыма енді кеп,
Тас төбемнен төнді көк,
Қызуымен қытықтады құмарды.
Балалықтың түріп алып балағын,
Қарашаттың кезіп келем алабын.
Суыры да шаңқылдайды мазаны ап,
Өңешінен өрілгендей қаралы үн.
Жазиралы жанға шипа жаз алап,
Көн кеудеңді тазалап,
Жұтқызады жұпар демін даланың.
Топ торғайдың тары теріп тұмсығы,
Бөтегесі жемге бөгіп тыншыды...
Тал-теректің жапырағын жамылып,
Ұзатылған қыздай бұлбұл сыңсыды.
Тентек қайың шалғын шашын ұйпалап,
Бас терісін құйқалап,
Кірпігінің сынып түсті қылшығы.
Тас-талқан боп,
Үзіліпті тау құлап,
Қайрақ тастар етегіне саудырап.
Доланасы, бүлдіргені, мойылы
Мөлтілдеген баданалы баулы бақ.
Шолпылдаған шабақтардың ойыны –
Тіршіліктің тойымы
Сияқтанған,
Көз жанары жаудырап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу