Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  76


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Есімді жисам, жапанда жүрмін қаңғырып...

Есімді жисам, жапанда жүрмін қаңғырып,
Дала да, тау да жығылып жүні, мәңгіріп...
Қалбаның жалаң жартастарынан айбынды
Бабалар үні тұрғандай әлі жаңғырып.
«Басыңды көтер!» дегендей маған қатал үн,
Зираты дағы айбынды ата-бабаның.
Еңіреп жүріп елім дегеннен не пайда,
Қылаңдай қамқор жасай алмаса қатарың.
Дала да, тау да, жартас та маған үн қатып,
Көзімнің жасын жібек жел желпіп құрғатып...
Әумесер әуен әніне еріп кеткенде,
Сырымды және жырымды алам ұрлатып.
Толағай таудың төсінде толғағандаймын,
Жарасын емдеп жатқандай менің жан-қайғым.
Жүзіне қарап жүрегім жабырқанады,
Запыран құсқан заманы зәрлі зарлы айдың.
Құдай ма, әлде, Тәңір ме тезге салатын,
Періште ме әлде күйдіріп алған қанатын.
Көкірегіңнің күмбезін көзге көрсетпей,
Қара шапанын қымтап береді қара түн.
Есімді жисам, жол қалмағандай баратын,
Жүрегімде от қалмағандай жанатын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу