Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  294


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Түрік тегім...

Түрік тегім,
Қан-тамырда ағылған,
Алтай шыңы үкілі үміт тағынған.
Дүниенің тінткілеп төрт бұрышын,
Шашақ найза
Азияның кіндігіне қағылған!..
Көк күмбездің астындағы КӨК ТҮРІК
Сар даланы кешіп өтіп сағымнан
және шағылдан,
Еуропаның даласынан,
Көк теңіздің жағасынан,
Дон мен Дунай сағасынан
Табылған!
Сақтың,
Ғұнның тұлпарының іздері
Балқан тауда жосылып,
Еуразияның күдіре жоны ысылып,
Күдерін шарт үзгені
Көңілінің қошы күп,
Жағар отын өшіріп,
Зевстен пәрмен іздеді...
Шаңыраққа уық шаншылып,
Жұмыртқадай аршылып,
Қоныстанды киіз үйлер тізбегі...
Дұшпан– күдік,
Дос– үміт
Демікпедей күздегі?!.
Көк Түріктің көк кептердей қиялы
Тастап шығып,
Қарт Алтайдай ұяны,
Тарпаңдардың тасты илеп тұяғы,
Көктей өтіп ой-шұңқырды,
Тау-тас, құз бен қияны,
Сақтан,
Ғұннан тегін тартқан
Менің Бабам
Көк Түрік
Еуропада етек-жеңін жияды.
Мен- Көк Түріктің сойымын,
Басы барды игізген!..
Оятады ой-үнім
Көк Түрікті
Күнге қолын тигізген.
Тәңірден татып тойымын,
Сауығы мен ойынын
Орамалға түйгізген,
Алтайдың кернеп қойынын,
Шаңқан үй тіктім кигізден!
Сыймай сай мен салаға,
Төгіліп сайын далаға,
Жүректі нұрға сүйгізгем...
Көк аспан
Көк ту көтеріп,
Жүректің жұрты от өріп,
Барамын БОЛАШАҚҚА да
Қисыны қыңыр– қилы ізбен?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу