Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  92


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Тіршіліктің таусылмайды таласы

Көретінім көп екен ғой, тегінде,
Кербез көңіл, еңіреме, егілме.
Ағып түсті асқақтаған арманым,
Бақ жұлдызым болып жанған көгімде.
Жабырқатып салды келіп жанға мұң,
Шырылдатып шындығымды көрінде.
Қайыстырып қабырғамды салмағың,
Қасіретті құя бердің көңілге
Өз басыма ие бола алмадым.
Өз үйімде,
өзім туған жерімде.
Тағдыр менің тірлігімді жалмадың,
Жатып алып жүрегімнің төрінде.
Жалған болып шықты мынау жалғаның,
Өзегімді өртеп өлең өмірде…
Кімге айтамын,
кімге артамын өкпені?
Құмға сіңген судай қазақ өткені.
Тамырына балта шапқан емендей,
Көңілімнің көшіп кеткен көктемі.
Ереуілді ерліктері еленбей,
Сара жолдың сартап болған өткелі.
Терезесі теңдігімнің теңелмей,
Аяқ асты қалды ата тектері.
Темір төзім тозғаны ма тебендей,
Мүжуменен ғасырлардың от демі?!
Жаратқаннның жәрдемімен жебелмей,
Бүгінгі ұрпақ тірлігіне өкпелі?!
Көсегесі қазағымның көгермей,
Парақтаусыз қалды тарих беттері.
Боздап өткен ботасы өлген інгендей,
Боздақтарым көп жылапты білгендей.
Сезген екен қара көздер мұңданып,
Ұрпағының өтетінін күн көрмей.
Бұқар жырау уағызын тыңда анық,
Қалай жүрек қалар екен сыр бермей.
Мағжандарың мұңыменен жырланып,
Кеуделерді кетті шерлі үн керней.
Көкірекке кірді қайғы ұрланып,
Киіз үйдің туырлығын тілгендей.
Төрт құбыла түгелімен тұл қалып,
Тұнжырады сая бағы түрленбей.
Шырағданның сәулесіндей бір жарық,
Сөніп бара жатты лаулап үлгермей…
Қам көңілім қайғы жұтқан не дейді?
Бүлкілдетіп бунайды сөз көмейді.
Сарыарқаның сауыстанып сауыры,
Алтайымның ауыруы көбейді.
Қазағымның езілгенде бауыры,
Қай туысы қолтығынан демейді?
Ғасырлардың қайыстырып ауыры,
Қуанышын қайғысымен теңейді.
Ақордасын арқа тұтқан ауылы,
Алласын да әжуалап шенейді.
Басын тасқа ұрып тағдыр дауылы,
Тірлігіне таңба тастап жөнейді.
Қойдан жуас қара қазақ қауымы,
Болашақтан бақыт күтер мерейлі…


Зорлық көріп патшадан да, бектен де,
Құдайына жалбарынған көп пенде.
Қабанбайлар қалмаған соң шарасы,
Намысына мініп өрт боп кеткен де.
Бостандығы үшін қазақ баласы,
Боз даласын дүбірлетіп өткен де.
Бас болуға ханның келмей шамасы,
Өзегіне өз елінің тепкенде,
Атырау мен Алтайының арасы,
Күйіп кеткен сияқты ыза-кектен де.
Дүлей күшпен долданды кең даласы,
Еңіреген елі азап шеккенде.
Белдескенде өмір-өлім таласы,
Ой мен қырды кернеп кеткен от демде.
Кейде шаттық,
кейде көңіл қаралы,
Кейде бүтін,
кейде жүрек жаралы.
Сағым қуып сары даланың төсінде,
Көшпенділер көші кетіп барады…
«Елім-айы» мәңгі оның есінде,
Сырқыратқан сары уайым сананы.
Жарылқаушы, жолықтырма кесірге,
Болашаққа болдырап көз салады.
Шырағданын кеудесінен өшірме,
Қазағымның бағы маздап жанады.
Табан тіреп тәуекел бір шешімге,
Алғы күннен іздегенін табады.
Туған Елім, кешір,
мейлі кешірме…
Бір жүгіңді көтере алсам, жарады…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу