Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  221


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

“Отан!” деген немене?..

“Отан!” деген немене?..
“Отан” деген– талбесігің,
туған жерің,
ауылың,
Ата-Анаң,
аға, іні– бауырың.
Жанарына мекендеген мейірім,
Күпі киген кең қолтықты қауымың.
Періштенің пәктігіндей пейілің
болса,
жерге тимек емес жауырын.
“Отан” деген– көгілдір көл,
мөлдір өзен-бұлағың,
Көк бетеге,
жасыл майса– құрағың.
Топырағы торқадайын түктенген
табаныңа жылы тиген– тұрағың.
Махаббат боп жүрегіңе жүктелген
таусылмайтын сезімдегі нұр-ағын.
“Отан” деген
сәбиліктің шақпылаған шаттығы,
Шаң шұбатқан қара табан бақ күні...
Көктемеде қызғалдақ пен жүрегін
қызға ұсынған бозбаланың пәктігі.
Тағдыр атты соқпақ пенен күренің
жолдарында сағыныштың аптығы.
“Отан” деген– оттан ыстық...
бірдеме,
Оранбаған үлде менен бүлдеге.
Жүрегіңді жылтып ғана жатады,
ұқсамайды Күнге және гүлге де?!
Арманыңның ақ таңы боп атады,
аруақ па,
періште ме, сүлде ме?!
Ардақтаған ақсақалдай баталы
асылыңды сүйе бер сен,
үндеме!..
“Отан!” деген
жұмбақ жұлдыз жолағы,
адамшылық ұғымыңнан жоғары.
Сүю менен сағыныштың сарыны,
бағасы мен баламасы жоқ әлі!
Білінбейтін жұқасы мен қалыңы,
Жүректегі жеңіл мұңның көкалы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу