Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  77


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Құдай, менің төбемнен кеп ұрмасаң....

Құдай, менің төбемнен кеп ұрмасаң,
Сағым қуып,
самалменен сырласам.
Көкірегім кеңіп сала береді,
Алтын сәуле алақанда туласаң.
Сайда шөккен тұмандайын тұншығам,
Ұлықтаған ұранымды ұрласаң.
Өмірімнің өзегі-өлең, серігім,
Қыздыратын қызық күндер көрігін.
Тамырымды қан қуалап тұрғанда
Тіршіліктің тоты құстай төрі күн.
Кетбұғаның қыл қобызын сарнатып,
Тарқатайын шабытымның өрімін.
Босағандай байлауынан шабытым,
Бөгеу бұзған тасқын судай ағытыл.
Кешқұрымда көлеңкеңді көтеріп,
Бозқыраудың бұрқыратар шаңытын.
Арман іздеп алты қабат аспаннан,
Тіршіліктің тастап шығар табытын.
Еркіндіктің еміп еркін емшегін,
Безбендемей өмірімнің өлшемін,
Жұмылмайтын жұлдыз көзін ағызып,
Өзегіне от түсіріп өлсе кім,
Соның ғана кеудесінде ұялап,
Өркендейді екен асау өр сенім.
Шабыт маған сәлемдеме жіберіп
тұрса,
Шығар көңілімнен күн өріп.
Уысынан шыға алмасам уақыттың,
Туған айым тұнжырайды түнеріп.
Шабыт көкте,
шамырқанып мен жерде,
Қосылармыз «мың тіріліп, мың өліп».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу