Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  89


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жұпар мұң

Тағдырдың татып кермегiн,
жiбектей жүйкем жұқардың...
Аңқамның басар шөлдерiн,
жусанның иiсi- жұпар мұң!
Тұмсығын тығып тынымым,
Қойныма кiрдi жусанның.
Көзiмнiң алып шырынын,
бұлауға түсiп бусандым.
Сағыныш мұңы басылып,
Дастархан – көңiл жайылды.
Көңiлдiң гүлi ашылып ,
көктемiм күлдi байырғы.
Құшаққа қысып даламды
төсiме төсiн тигiздiм.
Көтерiп тұрып ғаламды,
Нұрына күннiң сүйгiздiм.
Қосылған келiп үйiрге
құлындай жаным шұрқырап,
Баяғы бала күйiнде
жусандай тұрды бұрқырап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу