Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  109


Автор: Ботакөз МҰХИДЕН

Сен мені əуел бастан ұнатпадың....

Сен мені əуел бастан ұнатпадың,
Мен болсам, сені тіпті сүймегенмін.
Сен жалған намысыңды құлатпадың,
Мен мына «құрғыр» басты имегенмін.
Сен мені еске алмадың, сағынбадың,
Мен сені іздемедім, ойламадым.
Сен енді мына маған сағым болдың,
Мен болсам сағынышқа айналамын.
Сен менен үнсіз ғана жырақтадың,
Мен сенен ақырындап алыстадым.
Сендік сый – жұбатусыз жылатқаның,
Мен болсам мұң сыйлаудан қалыспадым.
Мен сені басқалардан қызғанамын,
Сен мені өзге ешкімге қимағансың.
Сезсең ғой жүрегімнің сыздағанын
Білемін, сен де қатты қиналасың...
Менменсіп, ақылға ырық бермегенсің,
Мен болсам одан сайын қырсыққанмын.
Сен менсіз су түбінде шөлдегенсің,
Мен сенсіз ауа барда тұншыққанмын...
Сен өзің бақытыңа оқ атқансың,
Мен сыңар аққудайын қайрылғанмын.
Сен мені бір жолата жоғалтқансың,
Мен сенен мəңгілікке айрылғанмын...
Білемін, жалғызсырап жылады ішің,
Мен бейбақ бұл жазаға лайықтымын...
Сен ғана барлығыңа кінəлісің,
Мен ғана барлығыңа айыптымын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу