Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  128


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жылы ұя

Қарлығаш та,
торғай да ұшып кетiп,
ұшып келiп,
жылы ұяға қонбай ма?!
Аптаптар мен ызғарда,
демi үскiрiк мұз– қарда
жаның,
тәнiң тоңбай ма?!
Шарлап келiп қиянды,
тапсаң жылы ұяңды,
Көңiлiң шат болмай ма?!
Кең дүниеге сыймасаң,
тар бөлмеңе сыясың.
Шүпiрлейдi балапан,
аялайды алақан,
Қалай оны қиясың?...
Қызуына жылынған,
өмiр мәнiн ұғынған
кiм ұмытар ұясын!
Ұя қалса бұзылып,
көңiлiңде күз ұлып,
Суынады көкте Күн.
Қар жауады қылаулап,
жөтелесiң тұмаурап,
көлдей көлкiп көк терiң...
Не жетсiн мынау жалғанда,
жұтып– жұтып алғанға
жылы ұяңның от демiн!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу