Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  75


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Тәңірден де...

Тәңірден де,
Әмірден де түңіліп
Кеткен кезде
Топырақтай үгіліп,
Сезіміңнің
Саңылауынан сығалап,
Жылтырайды
Білте шамдай бір үміт,
Тамырыңда тіріліп.
Көмескі шам
Көгілдірін малданып,
Жарығыңа жүйке жібің жалғанып,
Сәулесімен
Сүгіретіңді салғандай,
Елесіне
Емінесің алданып.
Алданатын,
Жалғанатын гүл өмір,
Екі дүние
Дүрелейтін дүре бұл.
Күнгейі мен көлеңкесі
Күмәнді,
Басы да жоқ,
Аяғы жоқ біле біл!..
Тымырсық түн
Құшағында тұншығып,
Жүрегіңнің
Жүйкесінен мұң сығып,
Баяныңның
базарынан қайтасың,
мойыныңда
мойынтұрық-құлшылық.
Құдайға да,
Былайға да құлайсың,
Ұлығаның
Жарасқанда ұнайсың...
О дүниенің
Есігінен енгенде
Жұмағынан
Жайлы орын сұрайсың.
О, Тәңірім,
Жар бола гөр, Жасаған!
Ел-жұрт есен,
Қазағымның басы аман...
Түркіліктің
Тегін ұмытпайын деп,
Баяғыда
Балбал тасты қашағам.
Сәуегейде,
Саудагер де «бал ашып»
Жатыр,
Жердің жұмағына таласып.
О дүние...
Бұл дүние шатасып,
Ақылдан да
Қалғандаймыз адасып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу