Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  104


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Тұман ба...

Тұман ба,
Бұлт па,
Түтін бе?...
Өскемен үсті сұр-ала.
Жұтылып кетсем үкімге,
Құнымды жоқтап сұрама!?
Іргеңді, қазақ,
Бүтінде,
Сәуірден соқса сұлама...
Кінәрат артар күтімге
Сенерсің,
Батпай күнәға.
Қар жауар ақ па,
Қара ма?..
Қақырық қоюланады.
Тамырда тірлік тала ма,
Сұйылып қаным барады.
Жанымды, мейлі,
Жарала,
Сау қалдыр қала,
Даланы.
Байлықтың еміп емшегін,
Сорлылық семіп-қатады.
Елеске елтіп ерсе кім,
Батпаққа барып батады.
Тұрмыстың темір-терсегін
Бағалап,
Бұлдап жатады.
Көңіл-ай қайран,
Баладай,
Жылтырауыққа алданып,
Құрбандығына қарамай,
Малтасын
Жүрер малданып.
Түтінге тұнған
қаладай,
Тұншығып өкпе зарланып.
Бақытты болып сорлайсың,
Құрбандық құлы-келісім!
Өр қайсы,
Білмей, тор қайсы?..
Сүресің өмір Ел үшін?
Бұтаға қонған торғайша
Мүлгисің,
Тірі...өлісің.
Өскемен үсті сұр тұман...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу