Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  112


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Өскеменім

Өскеменім,
Қойныңда
Қызық қуып өскен едім...
Қалбаның
Қабағына бұлт ілінсе,
Алтайдың
Ашуын да қош көремін.
Жалаулы
Жылдарымды жамыраттым,
Байыбын
Байқамастан ештеменің?!
Өскеменім,
Сенде де,
Менде де бір көгілдір мұң
Мұнартып,
Көңілден
Жыр төгілдірдің...
Жүрегім
Жетімсіреп жылағанда
Сыйладың
Жалғыз талын өмір-гүлдің.
Өскеменім,
Жамылған жасыл желек атырабың,
Қойныңда жатыр мұңым,
Жатыр әнім?!
Тамыры тасты үгітіп
Тереңдеген
Сен бәйтерек,
Мен сенің
Сарғыш тартқан жапырағың!
Өскеменім
Мекенім, бақ ғұмырым,
Сенен артық
Отанын тапты ма ұлың?!
Ақ Ертістің
Айдынын аймаласам,
Қажет емес
Басқадай тақ-тұғырың.
Сенің
Туған күніңнің құрметіне
Бақ жұлдызын
Қарт Алтай жақты бүгін.
Өскеменім,
Сен қуансаң,
Мен-дағы қуанамын,
Шаңырақты
Шаттықпен суарамын!
Сенің туған
Күніңді мерекелеп,
Бөрібасты
Қолыма ту аламын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу