Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  91


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Кәрі терек...

Кәрі терек,
Кәрі емен,
Кәрі қайың
Аңсай ма екен
Көктемін,
Жарық Айын?!
Тіршіліктің
Таусылып талқаны да,
Шашылады
Күндерің тарыдайын.
Қызыл күннің
Қойнында қызықтарым
Сіңіп кеткен,
Жоғалған, бәрі ғайым.
Жұлдызы да аспанның
Жымыңдамай,
Салынған ба
Санада сары уайым?!
Қара күздің қанатын
Қайырып сап,
Уайымның уынан
Арылайын.
Қара жерден тамырым
Тартылмаса,
Мен қалайша
өмірден тарығайын?!
Жалаң күннің
Жалаңаш құшағында
Жалын құсып,
От шайнап жанығайын!
Көмекейді толтырып
Құса-мұңға,
Көлеңкесін
Көр-күннің жамылайын...
Тоқтап қалса,
Тірлігім томарылып,
Табытынан
Тағдырдың табылайын..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу