Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  103


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Тағдырым

Тағдырым
«темір торда» тыпырлады,
Тарланым
тұсамысын сыпырмады...
Ұланның
суын жалдап ішетұғын
күндері
кетті шалғай жұтылмалы.
Тағдырым
естімен де,
есермен де
Жолдас боп,
Текеметтей төселгенде,
Мәңгірдім
өр Алтайдың маралындай,
Адасып ақыл,
Ой мен Ес өлгенде!..
Тағдырым
қарғыдағы ит қабағаны,
Қорғаған
Жуындысын табадағы...
«Қожайын-қаба сақал»
айтақтаса,
Адамға,
аңға-дағы абалады.
Тағдырым
талып жатты...
түрегелді
Үкісіз
үмітіне үре берді...
Түсінде
Көк бөрінің көлеңкесі
Күлтегін
Көктасында түнеген-ді.
Кеуденің
Алай-дүлей боранына
көңілдің
көпсігенін орады да
Өзегін
Өртеп жатқан өкініштің
Түсті де
Жорта берді сорабында.
Тағдырым,
Күнің батып,
түн түнеді...
Санаңда сары уайым
Іркіледі...
Қыңсылап
қарғыбаулы қабаған ит
тұмсығы
тынымыңды түртінеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу