Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  92


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Сабылып жеткен самалдың

Сабылып жеткен самалдың
иісі жұпар аңқиды.
Сағынышыма қамалдым,
Шабытым қайтып шалқиды?!
Жетпейді жанға бірдеме,
Көңілім күпті,
алаң-ды.
Тұнжырап қалған Түн неге,
Айнала көрдей қараңғы?!
Жігерім жидіп жасып тұр,
Өзегін өртеп өмірім.
«Аузымды жыртып қасық құр»,
Көлеңкеде отыр көңілім.
Сенің де халің шамалы,
«Ауылым» атың қалмаған!..
Құрысын Ай,
Күн аманы,
Жанымды жұтып жалмаған!!!
Жусаның,
майда бетегең
шашындай сұйық кәрінің,
Көңілім бүгін көтерем,
«Бақыт» дегеннің бәрі мұң.
Айраның қалған ашымай,
тұратын әр кез татырып...
Қалампыр қосқан насыбай
сияқты,
ашу шақырып.
Саған да,
маған жанашыр
қалмаған,
жетім-жесірміз!..
Жасымайтұғын жаны асыл
Ескіден қалған Есім
– Біз!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу