Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  67


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жадырасам

Жадырасам,
жүрегіме жаз қонып,
шуағына
шомылдырып алады...
манаураған
махаббатым мәз болып,
жаңғыртады
домбыралы даланы.
Жадырасам,
гүлі жайнап қырқаның,
Оюлаған
Текеметін жапқандай.
Көңілімде
Шүйкеленген ұлпа мұң,
Құлындаған
қуанышын жапқандай.
Жабырқасам,
Сең соққандай сенделем,
Дүниенің
төрт бұрышын түгендеп...
Пері де емес,
періште емес,
Пендең ем,
Жындарын да
Ала алмаған жүгендеп.
Шаттанғанда
шабыт көлдей шалқиды, Айдынында
аққу-қазы жүзгендей.
Сары дала
Сағынышын сарқиды,
Тамырының
бір талшығын үзгендей.
Жадырап та,
Жабырқап та жүрмеуге
Қақым да жоқ,
Сезімімді ояттың!...
«Қысқа жібім
келмесе де күрмеуге»,
Жақын да боп,
ақын да боп,
Тонын кидім тояттың...
Тірлігімді бояп Күн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу