Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  87


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жаласына жалғанның күйе бердім

Жаласына
Жалғанның күйе бердім,
Талқысына
басымды ие бердім.
Бақытын да,
Қуаныш, қайғысын да
сүйе бергім келеді,
сүйе бергім.
Шықпасам да
Алтайдың шыңдарына,
Бір төбесін
тұғырлы иелендім.
Мұң мен шаттық
алмасып,
араласып,
Әкетеді
көкпардай ала қашып.
Арманыңның
адымын аштырмайтын,
Ақырзаман
араны алаң-ашық...
Тұншыққанда
төріңнің тұманына,
Сахарасы
сабырлы далаға шық!
Қарсы алады
сүйерім, сүйсінерім!..
Таңдарымның
Тынысын түйсінемін.
Сүйе бергім келеді,
Сүйе бергім...
Шоқ көсеген көсеудей
күйсін ерін!..
«Қара жорға»
ауылда жортақтайды,
Делебесін
қоздырып бишілердің.
Көңіл кетті
көгіне көтеріліп,
Өрекпіген
жүректен от өріліп...
Бақытыңның
Баянын байыптасаң,
Күндеріңнің
кезегі кетер ұғып!
Жұлдызыңды
жоғалтып алсаң бүгін,
Ертең күнің
Бөрідей өтер ұлып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу