Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  83


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Назарыңды аудармасаң

Назарыңды
аудармасаң,
аударма,
Қос өркешті Айыртаудай
тау бар ма?!
Өркешіне
оратылған ақ бұлттың
сүт тамады,
емшегінен сауғанда!
Мойыл,
ұшқат,
сәмбі талы сайында,
Сән береді
айшықтанған Айырға.
Жартасында
шашын желге таратып,
Сылаңдайды
сұлу, кербез қайың да.
Түрленеді
тобылғы сай төрінде,
Қарағаны
қаптап ылди-өрінде...
Айыртаудың
сұлап жатыр бейнесі,
Салқындаған
Сартымбеттің көлінде.
Мендегі осы
туған жерге мол арман,
Қайда жүрсем
қайта өзіңе оралғам...
Тыныс тартып,
тәттісіне тірліктің
Ұланымның
пейіліне оранғам!..
Сезімімді
сездірмесем,
не еткенім?!
Көңілімнің
көкалында көктедің.
Қалай менің
жан-жүрегім мұздайды,
Махаббат боп
маздап тұрса от демің?!
Қызыл гүлі
қуанышым қырдағы,
Сезімімнің
оюланған сырмағы...
Ұзынбұлақ
сыңғырындай сылдырап,
Жүрегімнің
Жамырайды жырлары.
Қызыл гүлден
ашылғанда гүл-ерін,
Көк жусанның
иісімен түледім... Бұл өмірге...
нұр өңірге ғашық боп,
Аспаныңның
астына кеп түнедім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу