Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  66


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жоғалмаған барыңды

Жоғалмаған барыңды
қызық екен іздеген?!
Күдік көзін жұмса да,
үміт күдер үзбеген.
Жастығымды жағалап
келем,
Таныс ізбенен,
Көктемі өткен көңілді
сүйрелеумен күзге Мен...
Таңданамын,
Туған жер!..
Құдіретті Құт мұнда
Тұрғанын да аңғардым,
Ұлылықты ұқтым да,
Зарын илеп заңғардың,
алаулаған таңдардың
бетіне перде тұттым ба?!
Сезімнің жасы сығылып,
мөлдіреді шық қырда...
Алаңдайсың, көңілім,
тірлік тынышталмайды...
Өлеңдегі өмірім
Жалғанымды жалғайды.
(Алты таспа өрімін
өрімшілер алғайды)
Топырағы Ұланның
тұяғында құланның
шамырқанып шаңдайды.
Кейде осылай барымды
жоғалғанға баладым,
әулекі,
асау арынды
Арғымаққа санадым...
Көнек кеуде тарылды,
аузындай біткен жараның...
Сұрамай ешкім халімді,
сұраусыз кетіп барамын?..
Арайлап таң атады,
Күлімдеп күн шығады.
Қарайғанға қарайлап,
Сезім сағы сынады.
Көңіл жасын сығады,
Шұбырған ізін шөп басып,
Бір жүріп,
бір тоқтасып,
Тіршілік тыныс тынады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу