Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  80


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Түсімде

Түсімде...
Күңгірттеу бөлме ішінде
Абай бабаммен жолықтым,
Жүрегім аузыма тығылып,
Көкірегім сығылып,
Қорықтым...
Қабағын көтеріп,
Жанарынан от өріп,
Бетіме ұзақ қарады.
Қауырсын қаламын сияға малып,
Мұртты сипап алып, Сақалын саусағымен тарады...
«Қай баласың,
Қайдан келдің?..»
Не деп үндеймін?
Қайда барғанымды,
Қайдан келгенімді өзім де білмеймін.
«Жүйкемді жүндеймін,
жақсыны күндеймін,
Айсыз қараңғы түндеймін»,
дегім келді,


мұң-шерім төгілгенді.
Поэзия пайғамбары пайымдап,
әлі отырғандай уайымдап:
«Өсек,
өтірік,
мақтаншақ,
еріншек, бекер, мал шашпақ»...
Баба, сенің сөзіңнен
Кете алмадым алшақтап»,
Өршіп тұр дейін бе,
зерде қалмай зейінде,
ілгері басқан аяқ кейінге
кеткенін айтайын ба?!
Бабам маған ұзақ қарады
Сол пайғамбар қалпында,
Данышпандық салтында
Ғарышқа қарай ұзап барады...
Өңім сұрғылт,
түс аппақ...
Ояна келсем,
«Абай жолын» жатыр екенмін құшақтап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу