Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  92


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Құдай -ау!

Құдай-ау!
Шегіртке де қалмаған ба?
Сары дала
сазын созып сарнағанда торғайы тынып,
шымшық шиқылдайтын,
Жалп етіп
қонақтайтын талға қарға.
Сылдырап
салқын суы Жыландының,
Базарлы
балалықтың мұнар күнін
қызықтап,
ойға қарай асығатын,
Жоғалтып
алған бүгін құмарлығын?!
Суыры Шуылдақтың
шаңқылдайтын,
Самалы
Сарбастаудың аңқылдайтын.
Сақалы
сары күзге желп-желп етіп,
Ақ селеу жібек шашын
алтындайтын.
Қалбаның
қыраттары күй ақтарып,
Салқарлы
салтанат көш сияқтанып,
Жайылып
төрт мүлік мал жайлауында,
Жететін
қоналқаға тұяқ талып...
Құдай-ау!
қайда кеткен құрып бәрі,
Тірліктің
тілгіленіп жұлықтары?!
Тартылса
тағдырыңның тамырлары,
Жусанның
жерге түспес ұрықтары.
Тып-тыныш...
тау мен дала,
ауылым да,
Тер қатқан
Сар даланың сауырында...
Құдай-ау!
Шегіртке де қалмаған ба,
Тығылып Беріктастың бауырында?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу