Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  84


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жалғыз жұлдыз

Өскеменнің қара аспаны
манаурайды,
мүлгиді...
Көкжиектен көкжиекке
Жалғыз жұлдыз сырғиды.
Паршаланған
планета бөлшегі ме адасқан,
Жүрегіме жүгі ауыр,
Жұмбағы мол мұң құйды.
Жалғыздықтан жапа шегіп,
жалғанына өкпелі
жүр ме екен,
жоғалтып ап
жылы ұясын көктегі?!
Ғаламшардың қойнауында
сапырылған сан дене
соқтығысып,
өкпесіне жетпеді ме оттегі?!
Тозып бітті тозағында
Топырақ пен тастар да,
Қап-қараңғы қара Жер де,
қап-қараңғы Аспан да!?
Ауып кетті Ай мен Жұлдыз
берекесі қашқанда,
Соңғы кезде ұяламай
кетті қарлығаштар да!..
Сенен,
Менен,
одан ба екен күпірлік?!
Жаратқанның
бетіне кеп түкірдік.
Ынтығыңның ықыласын
ындының кеп көмейлеп,
Тағдырыңның тұманында
шүйкелендік,
түтілдік...
Өскеменнің аспанында
Жалғыз жұлдыз,
жалғыз Ай– дүниені
тұра ала ма бүтін ғып!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу