Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  81


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ой теңізі таязда...

Ой теңізі таязда,
тереңде ме?
Дария-ақыл тауда ма,
төменде ме?
Тірлік түбі тұғырға
қонақтайды,
Сырлы аяқтай
кетілген кемерлене.
Кәрі қойдың жасындай
жасың қалса,
Тат баспайтын
жарқылда Асылдарша!..
Шаң шығарып
шабыттың шанағынан,
Жырла,
Жұмақ есігі ашылғанша.
Бақытымды іздемен,
мойынымда,
махаббатты іздемен,
қойынымда...
«Тойғаннан соң
топырақ татитұғын»
керек емес,
топырлы тойың мына!
Белгісіздік
бұлдырдың бәрі қылаң,
Әлсіздіктің әумесер
әлі бұлаң...
Тұғырында
табады тыныштығын,
Қауырсыны
қаусаған Кәрі қыран.
Алса-дағы
алқымдап Күз қырына,
Айналмайды
құлқыннын құзғынына...
Тіршіліктің
ішеді тірі қанын,
Өлмес өмір
отына қыздырына.
Күн шуағын,
Ай нұрын алма кезек
Жаратады
Жалғанның тұздығына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу