Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  102


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Найзағай мiнез ұлтымды

Найзағай мiнез ұлтымды
Басып тұр ұйқы батпандап.
Бауыры сызды бұлтыңды
Қуалап жүрмiн аттандап.
Жарылған жүрек намыстан,
Арына жанын құрбандап
Қорқатын болды қамыстан,
Құйрығы бұтта бұлғаңдап.
Ауыздық салып ауызға,
езуiн тiлдi Заманы.
Сыйып – ақ кеттi қауызға,
Жақсысы менен жаманы.
Жыртылды жаға жеңменен,
Домалап кеттi Дегелең.
Қиянат қиып көлденең,
Темiртас жауды төбеден.
Көкiрiк толып түтiнге,
Көзiне дала құм құйды.
Кесiлiп қарғыс үкiмге,
Қапаста жұртым шұлғиды.
Қап-қара дауыл есiрiп,
Жалаңаш қалды атырап.
Кеудесi көктiң тесiлiп,
Аспаным жатты қақырап.
Аралым, айдын шалқарым,
Айналып кеттi шалшыққа.
Қорқыт боп қобыз тартамын...
«Шықпа да,
шықпа, жан шықпа!»
Жұлдыз да,
Ай да көктегi
Көз жасын сықты, ей, Алла-ай!
Жортады жонда көкбөрi,
Көрегiн тауып жей алмай.
Өмiр де тозды ... өңiр де,
Көңiлiм қалай шаттанбақ???
Өкiнiш өксiп өңiмде,
Түсiмде жүрем аттандап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу