Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  94


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Артым тұман...

Артым тұман,
өрт алдым,
жоқ сияқты басар тау?!
Көкбөрi боп жортамын,
Көпке айта алмай басалқау.
Тастай қатқан тағдырдың
Безеуi көп бетiнде,
Жанып,
Қайта жаңғырдым
Ұлы дауыл өтiнде.
Сейiлмептi сұр тұман,
Астында көк шатырдың.
Жамау– жасқау жұртынан
Қашып келе жатырмын.
Қайда барам қашқанмен,
Құшағына өрт алсын?
Көздi жұмып– ашқанмен
Құтылмайтын ортамсың.
Алдымдағы өрт өшпейдi,
Жалаңдайды қызыл тiл.
Тағдыр билеп– төстейдi,
Тосып татар тұзым тұр.
Тұмшаланған тiрлiгiм,
Көрiнбейдi бақ басы.
Байланып тұр тiл бүгiн,
Ашылар ма қақпасы?!
Сайрайтұғын жақ талмай
Сандуғаштар, бұлбұлдар,
Ұшiп жүрсе сақтанбай,
Құлататын құрдым бар.
Ақ тұманда адасып,
өрт шалады қанатын,
Атыздай боп қарашық,
Жол iздейдi табатын.
Таба ала ма,
Таппай ма?!
Бiледi оны жасаған...
Қарақшы өмiр атпай ма,
Жымып тұрып тасадан?!
Өмiр осылай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу