Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  89


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Сезінбегем бұрын -соңды мұндайды...

Сезінбегем бұрын-соңды мұндайды,
Көңілімде бір қуаныш, бір қайғы...
Есенгіреп есі кеткен елестің
Бұлдырынан балалық қол бұлғайды.
Семіп қалған сезім көзі ашылып,
Жанарында сәулесі тұр нұрлы айдың.
Сүт сағымға ұйып қалған қырат-қыр,
Мөлтілдейді жапырақта сынап-нұр.
Шуылдақтың көлеңкесі көлбеген
Жыландының сағасына құлап тұр.
Шегірткенің шырылын да сағынған
Жүрегімнің лүпіліне құлақ түр!
Айлы түнде шабытыма шомылып,
Балалықтың базарына жолығып
отырғаным,
қуанышқа кенейді,
Жүрген кезде тіршіліктен торығып...
Қарашатта қара шалдың дауысы
естілгендей,
көңілімде мол үміт.
Сағынышы кәрінің де, жастың да,
Қайран ауыл, құшағыңды аштың ба?
Ұлып-ұлып апанына қайтатын,
Тілерсегі толған арлан қасқыр да.
Төзімімнің терезесін тершітіп,
Сезімімнің сағынышын аш қылма!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу