Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  83


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

«Жыл келдi – 2004!»

Күн өттi,
Ай ауысты,
Жыл да келдi,
Жарылқар жанашыр боп жырғап елдi.
Бақыттың бақшасының қызғалдағын
Қырмызы қыз бен ұлан ұлға бердi.
Өткен жыл өресiне жеткендерi,
өмiрдiң белесiнен өткендерi,
астында ат – көлiгiн ауыстарып,
қиялдың қанатымен көкке өрледi.
Бiреуi – «Жыл келдi!» - деп шаттанады.
Бiреуi басқа қонар бақ табады.
Бiреуi қам көңiлiн мұңға малып,
Бiреуi бақилыққа аттанады.
Бiреудiң таңы атады шұғылалы,
Бiреудiң күнi күлiп құбылады.
Бiреудiң жарым жасы ұзарады,
Бiреудiң көзi мәңгi жұмылады.
Жыл келдi...
Бiреулердi жылатады,
Талабын таудан төмен құлатады.
Жарқырап бiреулердiң жұлдыздары
Көгiнен сәуле төгiп, нұр атады.
Жылдарда бар қарама – қайшылық та,
Пенделер аңғармайтын жайшылықта.
Көңiлiң жаңылысса күмбiрiнен,
Өмiрiң күншiлiк пе,
Айшылық па!?
Бәрi де уақыттың өрнегiнде,
Не келiп,
Не кетпейдi көл көңiлге!?
Ұлылар тiрiсiнде ұлып жүрiп,
Жатады жарылқанып өлгенiнде.
Жыл келдi,
Жан-дүниенi жаңалады,
Өмiрлер болар мәндi,
Мағаналы!?
Көшедi қолын бұлғап керуен күндер,
Ал менiң бiр тал шашым ағарады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу