Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  98


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

«Өмiр және мен»

Тыпырладым тiрлiкте үзбей тыным,
Кемелiне келгенше күз кейпiнiң.
Маңдайымның молайды қыртыстары,
Қатпарында ұялап iздейтiнiм.
Арпаласып арманның ағысында,
Қамшылаумен жауыр боп намысым да,
Ат арқасын суытып,
Ерiн алып,
Тыныштықпен отырмын табысуға.
Дабырадай дауасы даналықтың
Жантаяды жанына «жаңалықтың»…
Бұрынғыға бүйрегiм бұрылады,
Ақ найзасын үйiрген далалықтың.
Көкберi боп ұлыймын жұртта қалған,
Шықпаған соң шендесер сырттан-арлан!?
Қызыл көрген қырандай қағынамын,
Замананың уынан ұрттап алған.
Азу тiстер ақсыйып анталайды,
Тамырыма лайлаңған қан тарайды.
Жапырағын жайқалтып үлгермеген
Жас шыбықты ызғырық балталайды.
Үлгермеген бүр жарып бiр шыбықты
Жылытуға жұмсаймын жыршы – үмiттi.
Өркенiне өскiннiң алаңдаймын,
Күдiкке орап тамырсыз тiршiлiктi.
Тағдырымда тұрады толып аңыз,
Шұбырынды шаң қалған, соңынан iз...
Қатпарланған дүниенiң қабатында
Баба-бала болып бiз жолығармыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу