Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  76


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ақын еді дегейсің...

Ақын еді дегейсің,
Сөзден қамыр илеген.
Батыл еді дегейсің,
Басын төмен имеген.
Жорғам еді дегейсің,
Текіректі сүймеген.
Ордалы еді дегейсің,
Көкіректі күйлеген.
Биік еді дегейсің,
Тұғырнама тұлғалы.
Сүйік еді дегейсің,
Ғұмырнама жырлары.
Сыршыл еді дегейсің,
Өшірмейтін жылдары.
Тылсым еді дегейсің,
Шешілмейтін жұмбағы.
Ақын еді дегейсің,
Айдарынан жел ескен.
Жақын еді дегейсің,
Бай-бағлан тел өскен.
Қиял еді дегейсің,
Үміт күткен елестен.
Ұяң еді дегейсің,
Түбіт түткен егестен.
Ақын еді дегейсің,
Құйындаған жыр кеші.
Пақыр еді дегейсің,
Бұйырмаған жұлдесі.
Масаң еді дегейсің,
Жиылмаған бір де есі.
Қасаң еді дегейсің,
Қиындаған мүддесі.
Не десең де, дегейсің…
Жақсыла, не жаманда!?
Деме бірақ «өгейсің»,
Зар илеген заманға.
Бағаланбай бұл есім
ұмыт қалса, алаңда!
Тоқтатпаған күресін
бақ қонады адамға!
Оны жақсы білесің,
Байыппен тек бағамда!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу