Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  106


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ақпандағы аяз өткенде...

Ақпандағы аяз өткенде,
Сәуірдің нұры сепкенде,
Мамырдың үні жеткенде
қараймын қызғалдақтарға,
құлпырған қыздай көк белде.
Барқыттай барқын еріні,
Өрнекті бұрым өрімі,
тұңғиық терең телімі
арбайды аусар аңсаңды,
Кербездік кездің керімі.
Сыйқырлап сыйын ұсынған,
Жан кетіп құмар құшырдан...
Қанатсыз қиял ұшырған,
Таңдайға тамып тәттісі,
тамсанып ғұмыр тұщынған.
Кіреуке Күннің кірпігі
Жанардан жасын іркіді,
Сезімнің сырын сілкіді...
Жапырақ жарды қызғалдақ,
Кілегей көңіл кілкіді.
Алаулы оттай алаулап,
алқызыл гүлдер жалаулап,
маусымның мәні манаурап,
табиғи таза тіршілік
жанында жатты таң аунап.
Сұлулық салтанаттары
сауықшыл сері бақтағы...
Шаттықтың шоқтай шақтары
басылмай жатып қызуы,
Қып-қысқа таңның атқаны.
Тозаңға,
шаңға шалынбай,
ғұмыры жастық жалындай,
Пәктігі аппақ арымдай
көктемгі қызғалдақтарым
өтеді мұңға малынбай...
Жарасыз жаны– жаз күні,
Еліктей ерке назды үні,
Шаттығы– шалқар, аз мұңы,
Көз тоймай қалар ғұмырдың
тәтті ме мәні, мазмұны?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу