Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  85


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жер басып...

Жер басып,
Қоңыз теріп жүргендердің
Пәтуәсіз көрінеді көбі маған?!
Иттері Айға қарап үргендердің
қорасын күзетеді өлі ғалам…
Тамыры туған жерге тереңдемей,
Жатады жел өтінде жалаңаш қап.
Құлағы жақсылыққа елеңдемей,
Қарынның құлы болып аран ашпақ .
Кеуек бас,
қуыс кеуде,
түндей көңіл
Жарым ес жалғанымен жарасады,
Күні өткен көлеңкесіз күнгейде бір
жандай-ақ,
бақсылықпен бал ашады.
«Айнаға өкпелеген «маймылдарым»,
Құдай да көтере алмас айыбыңды.
Ақиқат тұғырынан тайдың бәрің,
өтірік өрге сүйреп қайығыңды.
Жалтақтап алдыңа да,
артыңа да,
Қауіпті қас күтесің күдіктеніп,
Қосылмай жалпыға да,
жалқыға да,
сынайсың саусағыңды бүгін келіп.
Ойсыздар,
қиялсыздар,
армансыздар
жүреді уайымсыз өмір сүріп…
Жүректе осылардан қалған сыз бар,
Көзде жас,
кеудеде тас,
көңіл сынық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу