Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  127


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Махаббат әлем...

Махаббат әлем,
Сағымдай сырғып санада,
қалдың ба қырда,
қалдың ба тау мен далада?!
Қайта бір орал
Қайыңдай түлеп көктемгі,
Қауышар сәтке
Қысқа ғұмырым садаға.
Махаббат әлем,
Тербетті толқып теңіздей,
Үміттің жібін үкілеп жүрмін
Мен үзбей...
Құлыншақ күнім,
Кісінеп күлдір қиялда,
Дана көңілді
Дария шақтан емізгей.
Махаббат әлем
Қызғалдақ гүлді белес көк,
Шағала шаттық
Шашуын шашар тегештеп.
Баяғы ауыл
Кешқұрым азан
-қазан боп,
Иттері үріп,
Шәбеленеді өңештеп...
Махаббат әлем
Сағыныштардың сағымы,
Өмір-өзеннің санаға сіңген сарыны...
Қиялым қалғып,
ойларым ұйықтап барады,
Ошақтағы оттың
Мызғытып жылу, жарығы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу