Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  76


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

ЖҮРЕГІМНІҢ ҮНІМЕН ЖАҢҒЫРЫҒАМ...

Шырайынан шашу шашқан шақтарым,
балаусадай балбыраған бақтарым
қайдасыңдар,
жасырды ма қойнына
терең сайың,
жыра-жықпыл,
шатқалың?..
Күдіктеніп күпті көңіл бір түрлі,
Жағалайды иен қалған жұртымды...
Туған үйдің тасы жатыр шашылып,
Кірпігімнің талына жас іркілді.
Қартайғанда сен екеуміз қауыштық,
Сен де,
Мен де жыламадық дауыс қып.
Туған жердің бұлағы мен құрағы,
топырағы,
қына тасы,
тауы ыстық!..
Боранбайдың,
Беріктастың бауыры,
Ту ұстаған Тортай атам ауылы...
Есенгелді, Сауқат, Тұяқ, Тоқшара –
Шүршейіттің шашырамас қауымы.
Бар ғой ұрпақ,
«орнында бар оңалар»,
Сағыныштан сарқынды жас домалар?!
«Өлі риза,
тірілері дәулетті»,
Қыр үстінде мүлгіп жатыр молалар.
Күз көңілім көктемеде көк белдей,
Балалық шақ қайта қуып жеткендей...
Жаңбыр суын шалпылдатып бір бала
Көз алдымнан өзім болып өткендей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу