Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  81


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Мін бар ма?

1
Қара жүрген, хан жүрген,
Қара жолда мін бар ма?
Қара өлеңге сап жүрген,
Қазағымда мұң бар ма?
Қара тұлпар, қан жирен,
Тақымында тұрғанда;
Қара тауға бір шықпай,
Көңілдері тынған ба.
Содан болар қазақтың
Еңсесі биік шыңнан да.
Көңілі тұнық судан да,
Жаны таза нұрдан да.
Əке өлгендей өкінер,
Қара орманын бұзғанда.
Қара аюын даланың,
Қанпезерлер қуғанда.
Барға жасап қанағат,
Шүкірлік деп бұған да.
Қызын жақсы көреді,
Сүйекшіл деп ұлдан да.
Май тамызар мақалдан,
Сөзбен сені жығарда.
Əділдік деп айқасса,
Қарамайды туғанға.
Көніп өскен бұл халық,
Жығылғанға, тұрғанға.
Көлдей көңіл тым нəзік,
Шорт кетеді сынғанда.
Тындырады тың істі,
Белін бекем буғанда.
Отаны үшін от кешіп,
Шалынады құрбанға.
2
Қара жүрген, хан жүрген,
Қара жолда мін бар ма?
Қара өлеңге сап жүрген,
Қазағымда мұң бар ма?
Əн адамның жолдасы,
Жүрегіңде нұр барда.
Əнмен көңіл білдірген,
Естай ақын Қорланға.
Жас жүрегін күйдірген,
Ұлы Абай Тоғжанға.
Солардан қалған бұл жалған,
Бір күні кетер қолдан да.
Алтын көріп періште,
Түзу жолдан тайған да.
Адам екеш адамның,
Пенделігі қалған ба?
Үй артында кісі бар,
Арам олжа байланба.
Дүние деген күрделі,
Бір төбені айланба.
Ақылға саяр іс істе,
Халық қамын ойлан да.
3
Қара жүрген, хан жүрген,
Қара жолда мін бар ма?
Қара өлеңге сап жүрген,
Қазағымда мұң бар ма?
Қара қосты көтерген,
Қара нарда сын бар ма?
Жақсыларды күндесең,
Елдігіңде құн бар ма?
«Нар жолында жүк қалмас»,
Жаманға еріп құр қалма.
Уақыт əділ екшейді,
Алтыныңда құм бар ма?
Кеудесімен тау тіреп,
Кейбіреулер жүр зорға.
Күншілдікпен күл шашып,
Арамтер боп зорланба.
Төбелер бар, тау барда,
Жебелер бар, жау барда.
Бұлбұл қонған бұтаққа,
Қона алмайды шауқарға.
Түнің барда, күн барда,
Тікенек бар, гүл барда.
Дүние деген осындай,
Алма кезек тұрмай ма?
4
Қара жүрген, хан жүрген,
Қара жолда мін бар ма?
Қара өлеңге сап жүрген,
Қазағымда мұң бар ма?
Түз қыраны сияқты,
Мекенденген шыңдарға.
Кер құландар сияқты,
Отарлаған құмдарға.
Қариясы дария,
Құятұғын құйғанға.
Қара қостай жайылса,
Отарбаға сыйған ба.
Аттан түсіп бел шешпес,
Дүниені жиғанда.
Ал, шашқанда шашады-ау,
Оңды-солды жиһанға.
Астроном шетінен,
Айға қарар туғанда.
Жұлдыздарға ат қойып,
Меже айтады бұған да.
Ойға шүлен философ,
Қара сөзбен қызғанда.
Географтан кем түспес,
Таяқпен жер сызғанда.
Сазгеріне сан жетпес,
Сауық-сайран құрғанда.
Шал біткені шипагер,
Сырқатқа бет бұрғанда.
Тұнықтықты тілейді,
Адамнан да, судан да.
Аман-есен жүр дейді,
Қайтқан қаз бен қуға да.
Ақ тамызып шығарар,
Үйге кірген жыланға.
Ақ шашуын шашады,
Ақжол тілеп ұланға.
Есік ашқан сəбиге,
Ен сап берер бұзауға.
Беруге бар қазекең,
Ұялар қайтып сұрауға.
Осындай ұлы халықты,
Жарасақ екен жырлауға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу