Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  99


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ҚАНАТТЫ КҮЙШІ ТАЙЫРЫМ

Ақаралдай ақ көңіл,
Тауларымдай салмақты.
Өнер қуған бапкер ұл,
Халқына қандай ардақты.
Жəнібектей шіреніп,
Тартпаса да садақты;
Тұрғыға Тəкең таласып,
Өнердің туын қадапты.
Қос қанатты əн-күйін,
Заманаға арнапты.
Ғасыр менен ғасырды,
Бір-біріне жалғапты.
Алты қабат аспанда
Ақаралын самғатты.
Алтай, Іле, Жайырдың,
Ақиығы Тайырым.
Мұхитқа құйған Ертістей,
Шартарапқа жайылдың.
Майда қоңыр күйіңмен,
Қандырдың жұрттың айызын.
Иісі қазақ қауымға,
Күйіңнің берсін қайырын.
Үріккен құлан тоқтаған,
Ақаралдың сазына.
Жортқан киік шоқ табан,
Аңырайған адырда.
Үйрек ұшып, қаз қонып,
Мамырлаған сазында.
Күй құдірет, күй тылсым,
Симфония өз алдына.
Он сегіз мың ғаламның,
Жүрегінде, қанында.
Бозінген боп боздайды,
Өзенінде, тауында.
Дауылпаздай самғайды,
Он екі бал дауылда.
Күй перісі жасасын!!!
Жасасын асыл қазына.
Тəкең қолына ұстаған,
Домбырасы қолымда.
Арманы жоқ Алтайдың,
Самырсын мен талында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу