Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  3185


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ҚЫРҒА БАРСАМ

Даңғаза қаладан да қалжырадым,
Аңсадым əсем үнін домбыраның.
Кетерме ем жүрісті атпен жолға шығып,
Қазақтың шырқай-шырқай халық əнін.
Па, шіркін...
Мен өрлеп, Қыран құлдап, тасып жатса,
Өркеші өткел бермей басым қатса.
Мойынынан су сорғалап қайың-терек,
Сəскеде жауған жаңбыр ақырласса.
Па, шіркін... О... ой... ей... дай...
Сол сəтте кемпірқосақ доға тартса,
Бір ұшын доғасының маған артса.
Беткейдің суырлары аңқиттаса,
Шақырса көкек қонып оба тасқа.
Па, шіркін...
Орындап оркестірін орман тұрса,
Көңілім балқып кетсе қорғасынша.
Жем іліп ұясына бүркіт тартса,
Жанымда жаңаша бір арман туса.
Па, шіркін...
О... ой... ей... дай...
Маңымда мың бүктеліп дала жатса,
Құрдасым құс салдырып, аң аулатса.
Сапырып сары қымызын замандасым,
Ауылды дүрліктірсек таң атқанша.
Па, шіркін...
Бəйтік Дүйсебаев
Таң атпай, тамылжып түн тұра тұрса,
Іргеде қауашақтан гүл ашылса.
Шабытым шарықтаса, жыр оқылса,
Қасымда термеші бір қыз отырса.
Па, шіркін...
О... ой... ей... дай...
Жалықтым, қала дейтін тұғырымнан,
Сəлемі де сатулы тұрғынынан.
Жылына қырға барып бір келмесем,
Мен де өзгеріп кетермін бұрынғымнан.
Па, шіркін...
Даңғаза қаладан да қалжырадым,
Аңсадым əсем үнін домбыраның.
Кетерме ем жүрісті атпен жолға шығып,
Қазақтың шырқай-шырқай халық əнін.
Па, шіркін...
О... ой... ей... дай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу