Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  89


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

БУРЫЛТОҒАЙ

Туған жерім, мекенім – Бурылтоғай,
Асыр салған еркең ем бұрын талай.
Ата қоныс, айдарлы алтын бесік,
Бір көруге зар болып жүрмін шалғай.
Жаз жайлауым Күнгейті, Китіңарша-ай,
Салған құсың саралап түлкі алса-ай.
Шөлдеп келіп түскенде беу, қалқатай,
Сары қымызын сапырып күтіп алса-ай.
Қайырмасы:
Қарамағай, Көкағаш, Шығанжиде,
Мекен болған Жетіарал жыр-əн, күйге.
Оралыңның барында ойна да күл,
Өте шығар басыңнан мынау дүние.
Суы шарбат Қалуын арасаным,
Ұшықтаған баласын əр атаның.
Ақтық байлап Торғайты үңгіріне,
Жүретұғын жеңгейлер сені аңсадым.
Күзеуі елдің Сарбұлақ, Көкебұлақ,
Қызқуар мен көкпар сап өтер жырғап.
Сен есіме түскенде беу, туған жер,
Көкірегім айрылып, кетем жылап.
Қайырмасы:
Қарамағай, Көкағаш, Шығанжиде,
Мекен болған Жетіарал жыр-əн, күйге.
Оралыңның барында ойна да күл,
Өте шығар басыңнан мынау дүние.
Шар айнасы Алтайдың Үліңгірім,
Айдыныңнан келеді қуыңды ілгім.
Бəйтік Дүйсебаев
Ырыс шалқып, бақ қонған Бурылтоғай,
Сағынышпен оралар ұлың бір күн.
Қайырмасы:
Қарамағай, Көкағаш, Шығанжиде,
Мекен болған Жетіарал жыр-əн, күйге.
Оралыңның барында ойна да күл,
Өте шығар басыңнан мынау дүние.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу